Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр», деп атап көрсеткен болатын. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – қызмет қана емес, қасиетті парыз. Сондықтан ұстаз болуды жүректің батырлығы деп бағалауға болады.
Мен өскен ортада сабақты жақсы оқығандар мұғалім болуға тиіс секілді саналатын. Аттестатым қолға тиісімен мұғалімдікті таңдауым сол тәртіптің нәтижесі болар. Айлығынан қағазы көп болса да, мектебін өзге кәсіпке айырбастамай келе жатқан ұстаздардың еңбегі ерен. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару шектеусіз еңбекті, терең білімді қажет етеді. Ұстаз болу – жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын баланың бойына дарыту. Әр үйдің ерке баласына талап қоя отырып, тәртіпке шақыру оңай емес. Алайда мұғалімнің басқа ешкімде жоқ бір қаруы бар, ол – білімі мен тәжірибесі. Тәсілін тапқан балуандай ол да әр сабағының соңында жеңіске жетіп отырады. Жылдар бойы оқу мен үйренуден жалықпайтын бір жан болса, ол – мұғалім! Соның нәтижесінде өз ісінің шебері, үздігі анықталатын сайыстарға білімді мұғалім қорықпай қатыса алады. Қоғамның мұғалімге көңіл аударғаны, еңбегіне лайық марапаттағаны, әрине, қуантады.
«Ұстазыңды ұлы әкеңдей сыйла» деген сөз бар. Мұғалімнің өз тәртібі мен мәдениеті, өзін өзі ұстауы мен киіну өнегесі де оқушының болашақ азығы. Қанша уақыт өтсе де, адам ұстазы үшін шәкірт қалпында, ал ұстаз тәлім егуші қалпында қалады. Еске алар сәттің жақсы болғаны, айтылған әңгіменің маңызды болғанына не жетсін? Адам баласы құндылық деп танитын атаулардың бірі – сыйластық сөзі мұғалімге қарата айтылғандай. Оқушыны сыртқы әлеммен байланыстыратын бірден-бір жанды ақпарат көзі – мұғалім, құралы – оның сабағы. Ендеше, мұғалім әр сабағын мазмұнды әрі қызғылықты өткізуге тиіс. Бұл – өмір талабы. Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында.
Қазіргі мұғалім имиджі қандай? Жаңа заманның мектебіне қандай мұғалім лайық? Оқушыларға қандай мұғалім ұнайды? Міне, бүгінгі қоғамды, министрден бастап, мектеп басшылары мен қоғамдық ұйымдарды осы мәселелер ойлантуы керек. Бүгінгі таңда еліміздің білім беру жүйесінде оқыту процесін тың идеяларға негізделген жаңа мазмұнмен қамтамасыз ету міндеті тұр.
Білім берудің басты мақсаты – келешек өмірге белсенді араласуға дайын құзыретті тұлғаны қалыптастыруға ықпал ету. Мен еңбек ететін оқу ордасы – түрлі пәндерді тереңдетіп оқытатын дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернат аталған мақсатты жүзеге асыруда өзіндік тәжірибесі мен жолы бар мектеп. Мұғалімдеріміз түгелдей дерлік жаңаша оқыту мазмұнына негізделген арнайы курстардан өткен. Осы білім мекемесінде информатика пәнінен сабақ бере жүріп, республика деңгейінде танымал үздік педагогтармен иықтаса жұмыс істейтініме еліміздің білім беру қызметіне өз үлесімді қоса алғаныма қуанамын. Ал менің алдымда өз жолымды қалыптастыруға бағытталған жаңа идеялар мен смарт-мақсаттарым бар. 2014 жылдың қазан айында Астана қаласында өткен «ZIAT» ғылыми-әдістемелік орталығы ұйымдастырған «Менің үздік презентациялық сабағым» атты мұғалімдер сайысында «Сабақ беру кезіндегі презентацияның қолданылуы» тақырыбындағы жұмысым қазылар тарапынан жоғары бағаланып, І дәрежелі дипломмен марапатталдым. Ізденуші-педагог ретінде жаңа мақсаттарды белгілеп, оқушыларды ғылыми жобаларға қызықтыруыма тағы бір жол ашылды. Мен жас мұғалімдердің алар асуы әлі де көп екеніне сенемін.
Мақсатыма жету үшін, ең алдымен білім берудің жаңа тәсілдерін бойыма сіңіруді жалғастырып келемін. Еліміздің педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында жасалған бағдарламаның басым бөлігінде түрлі тәсілдерді, сындарлы оқыту теориясы негіздерін қамтыған. Міне, осы сындарлы оқытуды негізге алған бағдарламаны игеру барысында жеті модульді оқып, сабақтың қай жерінде қалай кіріктірілуі керек екендігін үйрендім. Бұл мен үшін үлкен жаңалық болды. Сүйікті кәсібіме жаңашыл бастама енгізуді қашанда қолдаймын. Информатика білімінің негізі мектепте қаланғаны жөн.
Оқушыларымыз жаһандану заманында үйде отырып-ақ дүниенің төрт бұрышын еркін шарлай алатындай білімді болуы керек. Оқушыларымның өзін ғана емес, отбасы мүшелерін де әртүрлі хакерлерден сақтандыруды білгені жақсы. Ғаламтор арқылы жастарды ажалға айдап отырған зиянды ойындар мен ақпараттардан қалай құтылуға болады? Қаптаған жарнамалардың жетегінде кетпеуді қалай үйрену керек? Өз пәніме аса жауапкершілікпен қарауыма осы мәселе түрткі болып отыр. Келешекте тәуелсіз еліміздің тізгінін ұстар азаматтар – бүгінгі мектеп оқушылары. «Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін – білім», деп ұлы жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, елімізді өркениетке апарар жолдың бастауында мектеп тұрады. Мектептегі білім – барша әлем тыныс-тіршілігінің алғашқы іргетасы. Осы бағдарламаның негізгі міндеті – қазақстандық мұғалімдерге педагогикалық тәжірибелерін жетілдіру мен бағалауға көмектесу.
Сондықтан оқыту мен оқудың қазіргі заманғы әдістері мұғалімнің күнделікті тәжірибесі және кәсіби құзыреттілігімен өзара байланыста қарастырылады. Осы курстың бірінші «Бетпе-бет» кезеңін аяқтағаннан кейін, тың идеялар нәтижесінде, өзімнің бағдарламаның негізгі деңгейін оқу арқылы өзгергенімді көрсететін сәттің келгенін түсіндім. Дәстүрлі оқыту арқылы алған білімнің жаттанды, оқушылар үшін келешек өмірде көп іске аспайтынын білдім. Осы бағдарлама аясында жеті модуль бойынша сындарлы оқыту арқылы алған теориялық білімнің терең, өмірде, мектептен басқа жерде де қолдануға болатынына көзім жетті. Бұл кезде өзімнің көшбасшылық дағдыларым жетілдірілді. Сабақ барысында метатануды тиімді іске асыру арқылы оқушылардың когнитивті қабілеттерін жетілдіруге болатындығына көз жеткіздім.
Келешекке жоспар құра отырып, мен осы курс барысында алған білімдерім мен тәжірибемді ұштастырып, сабақ беру үрдістерімді үлкен бағытқа өзгертемін деп ойлаймын. Жаңаша әдістер мен тәсілдерді қолдана отырып оқушыларға дұрыс бағыт-бағдар беруге тырысамын. Менің ойымша, барлық ұстаздар да өзгеруі тиіс. Өйткені заманымыз рухани құндылықтарды сақтай отырып, жаңашылдыққа бет бұруымызды қажет етіп отыр. Қазақ мектебінің болашағы туралы М.Жұмабаев «Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты», деген екен. Педагог үшін осы сөз басты ұстаным болмақ. Рухани жаңғыру аясында жасалатын барлық шараның өзегі білім мен тәрбие, өркенді жас ұрпақ болып қала береді.
Рысжан АҚҚҰЛОВА,
Түрлі пәндерді тереңдетіп оқытатын дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернат мұғалімі
АҚТАУ
Жаңашылдық жаршысы болған «Өрлеу»
2012 жылдан бастап елімізде педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін деңгейлік курстар оқытыла бастады. Бағдарламаға енгізілген жаңа тәсілдің бірі – мұғалімнің өз тәжірибесі туралы ойлануы.
Өз ісіне деген сенімі мен мақсаты айқын әр маман иесі «Мұғалім де, оқушы да риза болуы үшін сабағымды қалай өткізсем болады? Оқушы болашақ маман ретінде бүгінгі қоғам талабына дайын болу үшін не істеу керек?» деп толғанатыны белгілі.
Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты базасында Үшінші (базалық) деңгей бойынша білімімді жетілдірдім. Институт директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Софья Измұханбетова бастаған ұжым заманауи тәжірибелерді зерделеу және қолдану бағыты бойынша мұғалімді дамытуға бағытталған бағдарлама негізінде білім алуыма толық мүмкіндік жасады. Әр тыңдаушыға қолайлы орта, оң ахуал қалыптастырды, әр оқу сессиясы сауатты құрылымдалып, мұғалімнің белсенді жұмыс жасауына, өзара әрекеттестік арқылы оқуына бағытталды. Бапкерлеріміздің шеберлігі, теориялық білімдерімен қатар пәндік білімдерінің тереңдігі, мектеп тәжірибесін білуі, әр мұғалімге жол тауып, оның ішкі әлеуетін ашуға ұмтылысы, алға жетелеуі, азаматтық және адами қасиеттерінің биіктігі тиімді оқуға, көзқарасымыздың өзгеруіне септігін тигізді.
Курстың әсерінен қазіргі таңда өзіме баға бере отырып, кемшілігімді түзеп және жаңа жол іздеп, жұмысымды жаңаша талқылайтын болдым. Әр сабағымды сұрақпен бастап, сұрақпен аяқтауды дағдыға айналдырдым. Сабағымда жүйелі қойылған сұрақ оқушылардың сыни ойлауын дамытатынын байқадым. Оқушылардың табысты істері мен тың идеялары жұптық, топтық жұмыстарымның іргетасы бола бастады. Сыни тұрғыдан ойлау қабілетімді дамыта отырып, жаңашыл идеяларға көңіл көкжиегін аша білдім. Курстан алған білім мен тәлімімнің арқасында ұжымдағы әріптестерімнің арасында беделге ие болдым, тәжірибеммен бөлісуге, сабақ көрсетуге, жаңа идеялармен бөлісуге құлшынысым өсті. Орал қалалық үздік тәрбие сағаты байқауында – бас жүлде, «Жеті модуль ықпалдастырылған орта мерзімді жоспарлар үлгісі» байқауында – І орын, Қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдерінің олимпиадасында – ІІ орын және І, ІІ, ІІІ деңгей бойынша сертификатталған қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімдерінің арасында өткен «Эрудит мұғалім» байқауында ІІІ орын иеленгенім үшін Құрмет грамотасымен марапатталдым. Республикалық «Bilim media group» компаниясы ұйымдастырған «Жаңашыл мұғалім-2017» байқауының екінші кезеңіне жолдама алдым.
Курсты аяқтап, қолымызға сертификат алғанымызға биыл 6 жыл болады екен. Дегенмен, бапкерлеріміз әлі күнге дейін бізбен байланысып, қандай шара, байқау болмасын әдістемелік көмек беріп, қолдау көрсетуге дайын тұрады. Әр кездескен сайын зор ілтипатпен, қуанышпен қарсы алуы бізді одан әрі құлшындыра түседі. Курстан кейінгі әдістемелік қолдау семинарлары, түрлі конференция, онлайн семинар мен вебинарларға шақырып, қатыстыруы бізді одан әрі дамыта түсті, ұмтылысымызды күшейтті.
Нәтижесінде, 2014 жылы «Өзгеріс. Тәжірибе. Ойтолғау» атты облыстық онлайн режіміндегі педагогикалық идеялар жәрмеңкесіне қатысып, өз идеяларыммен бөлістім. 2016 жылы «Жаңа формация мұғалімі: тәжірибе және кәсіби диалог» тақырыбындағы облыстық ғылыми-тәжірибелік онлайн вебинарына қатысып, сертификатпен, қатысушы куәлігімен марапатталдым. 2014 жылы құрастырылған «Қадыртану» курстық және «Сындарлы теориялық оқытуға негізделген тәсілдің түйінді идеяларын тәрбие үрдісінде қолдану» атты авторлық бағдарламаларым облыс көлемінде таратылды.
Қол жеткізіп жүрген жетістіктерім мен табыстарым осы «Өрлеу» қабырғасында өткен біліктілік курсы мен бапкерлердің қолдауының нәтижесі деп білемін.
Жазира ИШАНҒАЛИЕВА,
№30 жалпы орта білім беретін мектеп директорының әдістеме ісі жөніндегі орынбасары
ОРАЛ
Әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі
Жас ұрпаққа тәрбие беруде ең алдымен ата-ана, содан кейінгі орында мектеп, яғни ұстаз тұрады. Адамгершілік, кішіпейілділік, қайырымдылық, әдептілік сияқты игі қасиеттердің бәрі баланың бойына отбасынан дариды. Отбасылық қарым-қатынаста оның әрбір мүшесінің өз міндеті мен орны бар. Ана баланы өмірге әкеліп, ақ сүтін беріп, әлдилеп, мәпелеп өсірсе, өскелең ұрпақ тәрбиесінде әкенің өзіндік рөлі зор. Әке – шаңырақ иесі, үйдің асыраушысы және тәрбиешісі. Өкінішке қарай, қазір күйбең тіршіліктің қамымен бала тәрбиесін назардан тыс қалдырған әкелер де аз емес. Әкелердің бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру мақсатында жақында Баршатас ауылындағы Оспанқұл Меңаяқұлы атындағы жалпы білім беретін орта мектепте алғаш рет «Әке жолы – ізгіліктің іздері» атты әкелер конференциясы ұйымдастырылды. Аталған шара барша әкелердің құрметіне ұландардың әке туралы жыр шумақтарымен басталып, әкелі-балалы Әжібековтер отбасының орындауындағы «Әке туралы жыр» әнімен жалғасын тапты. Сахнаның безендірілуіне атсалысқан педагог-ұйымдастырушы Кенжебай Базарбайұлының ер адамға лайық бес қару мен ұлттық құндылығымыз саналатын киіз үй керегесінің қойылуы тақырыптың мән-мағынасын толық аша түскендей болды.
Мектеп директоры Гүлнұр Рғызбайқызы өзінің құттықтау сөзінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында құнды мұраларымызды құрметтеуге ерекше ден қойылғанына тоқталып, ұрпақ тәрбиесінде әкенің орны әркез бөлек екендігін атап өтті. Конференцияны директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Алтынжан Зейнекәрімқызы «Отбасы тәрбиесіндегі әкенің рөлі» тақырыбындағы баяндамасымен жалғастырып: «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, бала, әсіресе, ұл бала әкесі мен атасына қарап бой түзейді. Олардан көрген, естігендерін бойына сіңіріп өседі, ер азаматқа тән қасиеттерді үйренеді. Осы ретте мектепте жоспарлы түрде өтетін тәрбие бағытындағы іс-шараларға, ата-аналар жиналыстарына әкелер қауымы жиі қатысып отырса деген тілегіміз бар. Өйткені әкенің отырғанының өзі бір тәрбие», деді. Конференция барысында шараға келген әкелердің назарына күнделікті тұрмыс-тіршілікте кездесіп жататын әртүрлі жағдайлар, балалар жайында бейнесюжеттер ұсынылды. Көрсетілген үш түрлі сюжет бойынша бейнероликтерді көрген соң бірқатар ата-ана өз ой-пікірлерін ортаға салды. Олардың пікірі тыңдалғаннан кейін мектеп психологі Жазира Амангелдіқызы әр бейнесюжетке психологиялық тұрғыдан талдау жүргізді.
Тағылымда шара соңында қорытынды сөз сөйлеген аудандық бірінші әкелер конференциясының делегаты, үлгілі әке, ауылдық аурухананың бас дәрігері, мектептің тұрақты демеушісі, түлектер кеңесінің төрағасы Марат Өнербаев тәрбие ісіне үнемі атсалысып, мектеппен тығыз байланыста болуға шақырды. Ал мектептегі ата-аналар комитетінің төрайымы Самал Қанапиянова осындай тәрбиелік мәні зор іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болған ұжымға алғыс айтып, конференцияның дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп тұруына ата-аналар комитеті тарапынан да қолдау көрсететіндіктерін жеткізді. Сонымен қатар бұл күні бір топ үлгілі әкелер мектеп директорының алғыс хаты және естелік белгілерімен марапатталды.
Самал ҚАНАПИЯНОВА,
ата-аналар комитетінің төрайымы
Шығыс Қазақстан облысы,
Аягөз ауданы,
Баршатас ауылы